«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы 2023 жылғы 10-22 мамыр аралығында Жетісу облысының 6 шалғай станциясында болады.
Дәрігерлер алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетіп, кеңес береді, тексерулер жүргізеді. Қажет болған жағдайда шағын оталар жасалып, нақты мамандармен қамтамасыз етілген емханалары жоқ шалғайдағы кенттердің тұрғындарына жоспарлы емдеуге жатқызуға жолдама беріледі. Пойызда зерттеуге қажетті барлық құрал-жабдық бар. Науқастарды қабылдау 13.00-14.00 аралығы түскі үзіліспен күнделікті сағат 9-дан 18-ге дейін жүргізіледі. Пойыз 10 мамырда Көксуге жетсе (келу уақыты 23.16), 13 мамырда (08.41) – Қалпеге, 15 мамырда (08.50) – Лепсіге, 17 мамырда (08.15) – Ақтоғайға, 19 мамырда (08.55) – Бескөлге және 20 мамырда (21.24) Достық бекетіне барады. Пойыздың медициналық тобына терапевт, хирург, жалпы тәжірибе дәрігері, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика дәрігері, акушер, зертханашылар, медбикелер, рентгенолог, сәулелік диагностика дәрігері, стоматолог, отоларинголог, психолог, оптометр, гинеколог және уролог кіреді. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен пойыз жұмысына алғаш рет азаматтарға тиімді психологиялық, құқықтық және медиативтік (татуластыру) көмек көрсететін кәсіби психолог, медиатор және заңгер тартылды. Бұдан басқа, азаматтардың мемлекеттік әлеуметтік қолдау алу құқықтарын қорғау, зейнетақылар, жәрдемақылар, әлеуметтік төлемдер және атаулы әлеуметтік көмек алу мәселелері бойынша тегін кеңестер қарастырылған.
Осыған дейін, 26 сәуір мен 10 мамыр аралығында «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Алматы облысын аралады. Дөңгелек үстіндегі емхана қызметкерлері сегіз станцияның тұрғындарын тексерді: Қопа, Медеу, Жетісу, Шелек, Тасқарасу, Айдарлы, Жетіген және Іле. Жалпы, консультативтік-диагностикалық пойыздың дәрігерлері осы кезде 4616 тұрғынды, оның ішінде 887 баланы қабылдады. Дәрігерлерге қаралудың жалпы саны - 13576. 133 шағын хирургиялық ота жасалды. Күләш есімді бекет тұрғыны пойыз дәрігерлерінің жұмысының арқасында егде жастағы әкесінен бүйрек тастары уақтылы табылғанын және одан әрі тексеруге жолдама берілгенін жеткізді.
- Пойыздың әр маманы науқастардың көп санын тексерді: жалпы тәжірибе дәрігері, терапевт, педиатр - 860 адам; хирург - 2419; уролог - 722; невропатолог – 1987; офтальмолог – 2033; ЛОР – 1452; акушер-гинеколог – 377; стоматолог - 1189; ЭКГ - 471; УДЗ - 1821; ФЛГ – 103 және психолог - 9 адам, - деді медпойыздың бас дәрігері Айнұр Егінбаева. Дәрігерлер Алматы облысының шалғай ауылдарының тұрғындары арасында жиі кездесетін ауруларды атады: аралас астигматизм, артрит, артроз, жүректің ишемиялық ауруы, созылмалы бронхит, артериялық гипертензия. Естеріңізге сала кетейік, жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ – «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен және ақпараттық серіктес - Jibek Joly телеарнасымен бірлесіп жүзеге асыруда. «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы бүкіл Қазақстанды аралап, шалғай 121 станцияны қамтиды.
12.05.2023