2023 жылдың 23 мамырынан 12 маусымына дейін «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы ШҚО мен Абай облысының 11 шалғай станциясын аралап өтеді. Дәрігерлер алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетіп, кеңес берулер мен тексерулер жүргізеді. Қажет болған жағдайда шағын операциялар жасалып, кейбір нақты бағыттағы мамандары мен емханалары жоқ алыс ауыл тұрғындарына жоспарлы емдеуге жатқызуға жолдама беріледі. Науқастар түскі асқа сағат 13.00-ден 14.00-ге дейін үзіліспен, сағат 9-дан 18-ге дейін қабылданады.
Пойыз 23 мамырда Жарма (келу уақыты 07.16), 25 мамырда (07.47) – Ертіс зауыты, 27 мамырда (09.11) – Тишинская, 29 мамырда (09.05) – Ермаковка, 29 мамырда (20.50) – Таусамалы, 31 мамыр (22.05) – Алтай, 2 маусымда (21.03) - Күмістау, 5 маусым (03.30) - Шар, 6 маусым (23.32) – Суықбұлақ, 8 маусым (21.55) – Белағаш және 11 маусым (00.11) – Дегелең бекеттерінде болады. Доңғалақ үстіндегі емхананың медициналық құрамына терапевт, хирург, жалпы тәжірибе дәрігері, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика дәрігері, акушер, зертханашылар, медбикелер, рентгенолог, сәулелі диагностика дәрігері, стоматолог, отоларинголог, психолог, оптометр, гинеколог және уролог кіреді. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен пойыз жұмысына алғаш рет азаматтарға тиімді психологиялық, құқықтық және медиативтік (татуластыру) көмек көрсететін кәсіби психолог, медиатор және заңгер тартылды. Бұдан басқа, азаматтардың мемлекеттік әлеуметтік қолдау алу құқықтарын қорғау, зейнетақылар, жәрдемақылар, әлеуметтік төлемдер және атаулы әлеуметтік көмек алу мәселелері бойынша тегін кеңестер қарастырылған.
Бұған дейін, 2023 жылғы 10-22 мамыр аралығында «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Жетісу облысының алты шалғай бекетін жүріп өткен болатын. Денсаулық керуені қызметкерлері Көксу, Қалпе, Лепсі, Ақтоғай, Бескөл және Достық станцияларының тұрғындарын қарады.
Достық станциясында дәрігерлерге тіпті Беларуссиядан келген жүк көлігінің жүргізушісі жүгінді.
– Маған жергілікті ауруханада осы пойызға қаралуға кеңес берілді. Өзім де сөйттім. Дәрігерлер мені өте тез тексеріп, қол ұшын созды. Осылайша ауырғаным басылып, сапарымды әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік туды. Бұл сіздердің елдердегі халыққа әлеуметтік қолдау көрсетудің мәні зор, жақсы белгісі. Осындай қонақжайлылық пен қамқорлықтарыңыз үшін шексіз алғысымды білдіремін. Шетелдік ретінде өзге елде қиын сәтте жалғыз қалмадым, - деді Максим Лукьянченко.
Жалпы, консультативтік-диагностикалық пойыздың дәрігерлері 3695 тұрғынды, оның ішінде 1648 баланы қабылдады. Дәрігерлік қараулардың жалпы саны - 10628. 86 шағын хирургиялық операция жасалды.
– Бұл мүмкіндік үшін біздің ризашылығымызды сөзбен жеткізу тіпті мүмкін емес. Тегін тексеріліп, емделдік. Біз бүкіл отбасымызбен медпойыздың келуін асыға күттік, барлық мамандарға қаралып үлгердік, қажетті тағайындаулар алдық. Мысалы, менің өкпем тексеріліп, емделудің толық курсы тағайындалды, - деп бөліседі Лепсі станциясының тұрғыны Болатбек.
Пойыздың әр маманы науқастардың көп санын тексерді: жалпы тәжірибе дәрігері, терапевт, педиатр - 594 адам; хирург - 1629; уролог - 1112; невропатолог – 943; офтальмолог - 1878; ЛОР – 1398; акушер-гинеколог – 270; стоматолог – 1142; ЭКГ - 713; УДЗ - 742; ФЛГ – 74 және психолог - 47 адам.
Естеріңізге сала кетейік, жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен және ақпараттық серіктес - Jibek Joly телеарнасымен бірлесіп жүзеге асыруда.
Әлеуметтік жобалар қорының мәліметі бойынша, пойызда зерттеуге қажетті барлық жабдық бар. Медициналық пойыз бүкіл Қазақстанды аралап, шалғай аудандарағы 121 станцияны қамтиды.
23.05.2023