Құрметті достар! Бүгін 6 ай бойы шалғай елдімекендерді аралап, халыққа тегін медициналық көмек көрсеткен «Медициналық пойыздар» қайырымдылық жобасының аяқталуына байланысты баспасөз мәслихаты өтті. Брифингке: «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Адиева Альфия Дәулетқалиқызы және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Әлеуметтік жобалар қорының өкілі - Байгабулова Ақмарал Жарасқызы. «Жалпы «Samruk-Kazyna Trust» қорының 2022 жылға арналған қайырымдылық бюджеті 10 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 9 айда 7,1 млрд теңге игерілді. Бұл ретте ел бойынша 44 жоба іске асырылуда, оның 30-ы биыл Қамқоршылық кеңестің мақұлдауына ие болды. Сол жобалардың бірі – «Медициналық пойыздар». Біздің Қор 760 миллион теңгеге жуық қаржыға қызметін толық қамтамасыз еткен жобаның арқасында шалғайда орналасқан елдімекен тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсетілді. Біз үшін бұл жобаның маңызы зор. Өйткені осының арқасында халық денсаулығын жақсартуға, алыс аудандар мен ауыл тұрғындарына қажет қызмет түрлерін қолжетімді етуге мүмкіндік туды. Мен пойыз ұжымдарына, ондағы дәрігерлерге алғысымды білдіргім келіп отыр. Ақжолтай құрамның арқасында көптеген ел тұрғындары тегін әрі сапалы медициналық көмек алып, өмір сүру сапасы жоғарылауда», – деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева. 2022 жылы медициналық пойыз мамандары 80 649 науқасты тексерді, жалпы медициналық қаралымдардың саны 389 388. Барлығы 2010 жылдан бастап жоба аясында 3 262 930 адам тексерілген. Жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК АҚ» жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен бірлесіп іске асырды.
07.11.2022