«Саламатты Қазақстан» пойызы Маңғыстау облысына келеді

«Саламатты Қазақстан» пойызы 3-25 мамыр аралығында Маңғыстау облысында болады және Тұрыш, Сам, Сайтес, Өзен, Болашақ, Жетібай, Қарақия, Шетпе, Үстірт, Тірек станцияларына тоқтайды.

Жобаның негізгі мақсаты – шалғай аудандар мен ауылдарда тұратын азаматтарға медициналық, психологиялық, құқықтық және медиативтік көмек көрсету. Жобаны ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия, Денсаулық сақтау министрлігі және «Самұрық-Қазына» АҚ жүзеге асыруда.
Ағымдағы жылы барлық өңірлердің 140 шалғай станциясының, оның ішінде су тасқынынан зардап шеккен аймақтардың кемінде 90 000 тұрғынын қамту жоспарлануда.

Су тасқынынан туындаған күрделі жағдайды ескере отырып, пойыз жұмысын биылғы жылы табиғи апатқа тап болған батыс және солтүстік аймақтардан бастау туралы шешім қабылданды. Жобаға 40 маман – медицина қызметкерлері, медиаторлар мен заңгерлер қатысады. Атап айтқанда, олардың құрамында терапевт, хирург, педиатр, психолог, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика маманы, жалпы тәжірибелік дәрігер, рентгенолог, кардиолог, стоматолог, офтальмолог, отоларинголог, педиатр, онколог-маммолог, гинеколог және уролог мамандары бар. Қажет болған жағдайда мамандар шағын операциялар жүргізіп, жоспарлы емдеуге жолдама береді.

Медициналық поезд амбулаториялық операцияларды жасау және тексерудің толық циклін жүргізу үшін барлық қажетті құралдармен қамтамасыз етілген:

  • 1 рентгенологиялық вагон (рентгенография, маммография), стоматология (терапевтік, хирургиялық);
  • құрамында емдеу кабинеттері, шағын операциялық, диагностикалық кабинеттер (УДЗ-диагностика, ЭКГ, эндоскопия), диагностикалық зертхана бар 4 емханалық блок жұмыс жасайды. Ұлттық комиссияның бастамасы бойынша жобаға кәсіби және тәжірибелі медиаторлар мен заңгерлер қатысады, олар халыққа тегін медиативтік (татуластыру) және құқықтық көмек көрсетеді (даулар мен жанжалдарды медиация арқылы сотқа дейін және сотта шешу, заңгерлік консультациялар), сондай-ақ азаматтардың зейнетақы, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер және атаулы әлеуметтік көмек алу туралы сұрақтарына жауап беруге көмектеседі.

Консультациялар барысында көп балалы аналарға, сондай-ақ мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналарға және өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдерге ерекше назар аударылатын болады. Әкімдіктер шалғай ауылдардың тұрғындарын поезд құрамына жеткізуді ұйымдастырады, ауыл және кент әкімдерінің қатысуын қамтамасыз етеді, ел-шара кезінде кезекті күту үшін тиісті жағдайды жасайды (шатырлар, орындықтар, ауыз су).

03.05.2024