«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Қазақстанның шалғай аудандарына жолға шықты

Еліміздің барлық өңіріндегі 140 алыс бекет пен олардың маңайындағы ауыл-аймаққа тегін медициналық-әлеуметтік көмек көрсетуге арналған құрам бүгін елорда вокзалынан жауапты сапарға аттанды. Бұл жолы дөңгелек үстіндегі емхана өз қызметін батыс аймақтардан бастайды. Пойыз қызметіне 40 маман жұмылдырылды. Атап айтқанда, денсаулық керуенінде терапевт, хирург, педиатр, психолог, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика, жалпы тәжірибе дәрігері, рентгенолог, жүрек, тіс, көз, құлақ, тамақ және мұрын дәрігері, онколог-маммолог, гинеколог және уролог сынды білікті дәрігерлер және көмекші мамандар бар.

Қажет жағдайда дәрігерлер шағын операциялар жүргізіп, жоспарлы емдеуге жолдама береді. Ал медиатор мен заңгер халыққа дауды сотқа дейін шешу секілді өзекті мәселелері жөнінде кеңес беріп, азаматтардың зейнетақы-жәрдемақы, әлеуметтік төлем және атаулы әлеуметтік көмек алу туралы сұрақтарына жауап қайтарылады. Әлеуметтік жоба биыл ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өзара ынтымақтастығы негізінде жүзеге асуда. Медпойыз қозғалысының кестесі алыс бекеттерде медициналық пункттердің жоқтығын ескере отырып және азаматтар мен мемлекеттік органдардың өтініші негізінде әзірленді. Жоба дәрігерлері орташа алғанда әр станцияға 1-2 күн тоқтап, ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық және консультациялық-диагностикалық көмек көрсетеді. Зертханалық әдістерді қолдана отырып науқастарды тексереді.

Жалпы 2010 жылдан бері медициналық пойыздар 1 991 станцияда болып, 658 407 адамның, оның ішінде 142 660 баланың денсаулығы тексерілді. Дәрігерлерге қаралу саны 3 438 081 болып, 28 918 шағын амбулаториялық ота жасалса, 168 991 тұрғынның тісі емделді. Мұнда тек былтырғы 2023 жылы ғана 100 000-ға жуық ауыл тұрғынына ақысыз жәрдем жасалып, 8 айдың ішінде барлық 17 облыстағы 121 шалғай станция қамтылды. Осылайша орташа алғанда пойыз 18 мың шақырымға жуық жол жүріп, 88 994 қазақстандықтың денсаулығын жақсартуға үлес қосты. Оның ішінде 19 222-сі бала. 9802 адамға ақысыз құқықтық және медиативтік, яғни татуластыру көмегі көрсетілді.
8 вагондық пойыздың қозғалыс кестесі мен толық ақпаратты sk-trust.kz, medpoezd.kz сайттарынан және жобаның әлеуметтік желідегі парақшаларынан немесе 8 71 72 604599, 8 775 142 66 82 нөмірлерінен білуге болады.

01.05.2024