Медициналық пойыз Павлодар облысына келеді

Павлодар облысының тұрғындарына тегін әрі жоғары білікті медициналық көмек қолжетімді болады. Ертең, 13 маусымда Шақат станциясына «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы жетеді.

Тиісті станцияға доңғалақ үстіндегі емхана 13 маусымда сағат 02:03-те келіп, 14 маусымда сағат 21:40-та кетеді.

Сондай-ақ, пойыз кестесіне Павлодар облысының Красноармейка, Спутник, Тасқұдық, Майқайың, Бозшакөл, Өлеңті және Торғай сияқты станциялары енгізілген.

Естеріңізге сала кетейік, «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы» әлеуметтік жобасын «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен ынтымақтастықта жүзеге асыруда.

Биыл Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауының арқасында алғаш рет азаматтардың мемлекеттік әлеуметтік қолдау, зейнетақы, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер және атаулы әлеуметтік көмек алу құқықтарын қорғау мәселелері бойынша тегін кеңес берулер өткізілуде. Сонымен қатар, шалғай аймақтардың тұрғындары тегін медиаторлық және заңгерлік көмек ала алады.

WhatsApp Image 2023-06-12 at 17.49.31 (1).jpeg

12.06.2023