Медициналық пойыз – Маңғыстау облысында

Бүгін таңертең «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Болашақ станциясына келді. Осылайша білікті мамандар 17-30 тамыз аралығында Маңғыстау облысының елдімекендерінде халыққа медициналық, құқықтық және медиативтік көмек көрсетеді.

Пойыз диагностикалық құралдармен, соның ішінде компьютерлік спирометриялық жүйемен, эхоэнцефалографпен, диагностикалық тесттер жүргізуге арналған кардиологиялық мониторинг жүйесімен, сондай-ақ рентген, стоматологиялық, ЛОР және офтальмологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мамандарға жүгінген кезде жеке басты куәландыратын құжаттарды міндетті түрде бірге алып жүру қажет.

Медициналық пойыздың Маңғыстау облысы бекеттерінде аялдау кестесі: 17-18 тамыз – Болашақ станциясы; 19-20 тамыз – Жетібай станциясы; 21-22 тамыз – Сайөтес станциясы; 22-24 тамыз – Үстірт станциясы; 25-26 тамыз – Сам станциясы; 26-28 тамыз – Ақжігіт станциясы; 29-30 тамыз – Опорная станциясы.

Жұмыс уақыты: 09:00 – 18:00 сағ. (үзіліс 13:00-14: 00 сағ.).

Жобаның бас серіктесі - «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры. Осы жылы алғаш рет ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен пойыз жұмысына кәсіби психолог, медиатор және заңгер тартылды. Басты ақпараттық серіктес - Jibek Joly телеарнасы.

17.08.2023