Қазақстанда «Медициналық пойыздар» жобасы басталды

2022 жылдың 23 мамырында ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Медициналық пойыздар» жобасының іске қосылуына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК АҚ жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен бірлесіп іске асырып отыр. «Медициналық пойыздар» жобасының мақсаты – еліміздегі сапалы медициналық қызметке қол жеткізе алмай отырған шалғайда жатқан станциялар мен оларға жақын орналасқан елдімекендердің тұрғындарын тегін медициналық тексеруден өткізу. 2010 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан жобаның бірегейлігі шалғайда тұратын қазақстандықтарға көпбейінді мобильді көмектің мүлде жаңа түрінің алғаш рет ұсынылуында болып отыр. Пандемия және әлемдегі эпидемиялық ахуал ушыққанда сапалы медициналық сервиске қол жеткізу неғұрлым өзекті проблема болғаны анық. Осы себепті пойыздар медициналық-санитарлық алғашқы көмек және консультациялық-диагностикалық көмек көрсетіп, пациенттерді зертханалық әдістермен тексерістен өткізеді, қажет болған жағдайда кішігірім операциялар жасайды, жоспарлы емдеуге жатқызуға жолдама береді. Бұл елдімекендердің аудандық және облыстық ауруханалардан шалғайда орналасуына байланысты тұрғындардың ауруын дер кезінде анықтамау және емдемеу салдарынан туындап отырған өткір мәселені шешуге көмектеседі.

«Өкінішке қарай, кейбір ауылдарда фельдшерден басқа маман тапшы, сол себепті де шағын станциялардың тұрғындары жай ғана флюрографияға түсу немесе аудандық ауруханаға барып анализ тапсыру үшін, ондаған шақырым жол жүруге мәжбүр әрі бұл қосымша шығын әкеледі. Мысалы, 2019 жылы Жамбыл облысында 8 жасар бала мотоциклден құлап, өте ауыр жағдайда түсті. Оны медициналық пойыздардағы мамандар тексеріп, «ішке қан кету», «бауырдың жарылып кетуі» деген диагноздар қойылды. Баланы бірден аудандық ауруханаға жіберіп, сол күні ота жасалып, аман қалды. Сондай-ақ Алматы облысында 4 жасар балаға аутизм диагнозы қойылып, әрі қарай көмек көрсету үшін елордаға жолдама берілді. Маңғыстау облысының 10 тұрғынына онкология диагнозы қойылса, Қызылорда облысынан эпилепсия ауруына шалдыққан бала «Ақсай» республикалық балалар ауруханасына жатқызылды», – деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева.

Жоба алғаш рет 2010 жылы іске қосылып, 2019 жылға дейін жыл сайын іске асырылып келді де, коронавирус індеті кезінде үзіліс алды. Осы кезең ішінде «Денсаулық», «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» атты үш консультациялық-диагностикалық пойыз Қазақстанның шалғайда орналасқан 1700-ден аса елдімекенін аралап, 488 881 тұрғынды тексеруден өткізді, оның ішінде 101 614 бала бар. 1 647 138 диагностикалық ем-шара, 11 981 кіші амбулаториялық операция өткізілді. Маммолог мамандар 67 148 әйелді қабылдаса, жалпы адамдар дәрігердің қабылдауында 2 873 542 рет болды.

23.05.2022