Саламатты Қазақстан пойызы Қаражал қаласына барды

/ / БАҚ бiз туралы

Саламатты Қазақстан консультативті-диагностикалық медициналық пойызы Қаражалға барды. Теміржол құрамы шағын стансаларға тоқтап, жақын елді-мекендердегі халыққа да дәрігерлік көмек көрсетті. Аталмыш шара сәуірдің 12-нен мамырдың 21-не дейін жалғасады. Пойызда 24 медицина маманы қызмет атқаруда.
Саламатты Қазақстан пойызы Жаңарқа ауданы Қаражал қаласына мамырдың 3-күні келіп, дәрігерлер жергілікті халыққа таңертеңнен кешке дейін қызмет көрсетті. Тұрғындардың айтуынша, Қаражал қаласына қарасты елді-мекендерде 12 мың, қаланың өзінде 10 мыңдай халық тұрады. 100-ге тарта мүгедек бар. Олардың бәріне медициналық көмек қажет. Осынау халыққа кезекті қаншама сағат тостырып, бір күнде қарау мүмкін емес. Сондықтан, келесі жолы халық көп тұратын елді-мекендерге 2-3 күн тоқтап, емделушілерді толығымен қамтыса дейді.

Төтенше жағдайлар комитетіне қарасты «Апаттар медицинасының теміржол госпитальдары» мамандары пойызбен еліміздің стансаларын аралауда. Шара аясында 24 дәрігер барлық емделушілерді қарап, заманауи медициналық құралдар арқылы тексерістен өткізеді. Бұған дейін 27 мыңнан астам адам мамандарға қаралған. Дәрігерлердің пікірінше, емделушілердің арасында көбірек кездесетін түберкүлез, қан қысымы, асқазан-ішек, жүрек қан тамырлары, онкологиялық тағы басқа да аурулар бар. Сондай-ақ, пойызда жеңіл оталар жасалып, қауіпті, созылмалы науқастарға жергілікті ауруханаларға жолдама берілді.
Саламатты Қазақстан пойызы ағымдағы жылы еліміздің барлық елді мекендерімен қатар, облыстағы 13 бекетке тоқтап қызмет көрсетпек. Сонымен қатар, пойызбен бірге әкелінген батут, үстелдегі футбол, теннис сияқты балаларға арналған түрлі ойын құралдарымен кішкентай тұрғындар тегін ойнады. Ішкі істер министрлігіне қарасты Төтенше жағдайлар комитеті медициналық пойыздың апаттық-құтқару алдын-алу шараларын да қарастырған.