«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының Шығыс Қазақстан облысындағы ең ұзақ сапары аяқталды

/ / Жаңалықтар

12 шілде 2017 жыл, Шығыс Қазақстан облысы.

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Шығыс Қазақстанның 5966 тұрғынын қабылдады. Осы аймақта жылжымалы емхана осы жылдың 22 мамырынан 13 шілдесіне дейін жұмыс істеді.

28 бекет пен бекеттерге жақын елді мекендердің тұрғындары медицина пойызының мамандарына жүгінді. Тексеруден өткен науқастардың жалпы саны 5966 адам, олардың 724-і бала. 41341 дәрігерлік қабылдау тіркеліп, 33082 диагностикалық процедура жасалды, олардың қатарында УДЗ, рентген, ЭКГ және басқа да зерттеулер бар, сонымен қатар 261 шағын амбулаториялық ота өтті. 3079 тұрғынға стоматологиялық көмек көрсетілді.

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы шығыс қазақстандықтарды қабылдауды 22 мамырда Аягөз ауданының Таңсық бекетінен бастады. Шығыс Қазақстанда жұмыс істеген уақытында дәрігерлер келесі бекеттердің тұрғындарына көмек көрсетті: Таңсық, Үшбиік, Жарма, Жаңғызтөбе, Шар, Жаңа Өскемен, Зырян, Тұрғысын, Заводинка, Бұқтырма, Серебрянка, Огневка, Ермаков, Риддер, Тишинская, Черемшанка, Шемонаиха, Усть-Таловка, Рулиха, Фестивальная, Предгорная, Ертіс зауыты, Казиевка, Суықбұлақ, Ауыл, Белағаш, Шаған және Дегелең.

«Саламатты Қазақстан» медицина пойызы сегіз вагоннан тұрады, оларда науқастарды толық тексеруге, амбулаториялық оталарды жасауға, емдеу кабинеттерінің қызметтерін көрсетуге толық жағдай жасалған және олар зертханалар мен диагностика кабинеттерімен жабдықталған. Медицина бригадасының құрамында «Шығыс Қазақстан Темір жол ауруханасының Апаттар медицинасы темір жол госпиталі» АҚ-ның келесі мамандықтар бойынша бірінші және жоғары санаттағы дәрігерлері бар, олар: терапевт, педиатр, кардиолог, невропатолог, гинеколог, хирург, стоматолог, УДЗ диагностика дәрігері және шақыртылған дәрігерлер – офтальмолог, рентгенолог врач-эндоскопист бар.  Жазда, жол үстіндегі бекеттерде, медицина пойызының жұмыс уақытында балаларға арнайы алаңдар мен аттракциондар ұймдастырылды.

«Саламатты Қазақстан» пойызы Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарын аралайды. Пойыз бұл аймақтарға бекітілген кесте бойынша 2017 жылғы 6 қарашаға дейін жұмысын атқарады.

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы ШҚО-дағы жұмысын аяқтаған соң, Павлодар облысының Май жолайырығынан жұмысын бастайды, мұнда дәрігерлер халықты 2017 жылы 14 шілдеде қабылдайды. Пойыз ары қарай Жұмыскер бекетіне бет алады (15.07).

Медицина пойызы дәрегерлер бригадасының жұмыс кестесі – сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін, демалыссыз, түскі үзіліс  сағат 13.00-ден 14.00-ге дейін. Дәрігерлердің барлық қызметтері мен кеңестері тегін көрсетіледі.

«Денсаулық» және «Саламатты Қазақстан» пойыздарының жүру кестесімен www.medpoezd.kz. сайтында танысуға болады.

Жобаны жүзеге асырушылар:  «ҚТЖ» ҰК» АҚ Әлеуметтік жобалар қоры, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, «Қазпошта» АҚ, Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі аймақтық басқару органдарының қолдауымен.

Жоба жаңалықтары, баратын бағыттары, фото- және видео-материалдар www.medpoezd.kz сайтында.

Жобаның ресми парақшалары: Facebook – https://www.facebook.com/medpoezd/, Instagram – @medpoezd.kz

Қосымша ақпаратты келесі телефондар арқылы алуға болады: 8 (7172) 76 98 56, 76 90 19, +7 701 526 3050, e-mail: media@askredpoint.com

Анықтама:

Мамандандырылған медицина пойыздары – «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ мен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі арасында 2010 жылы 9 наурызда жасалған, медициналық қамсыздандыру мәселелерінде өзара жұмыс істеу туралы меморандум аясында жүзеге асырылған жоба.

«Денсаулық» пойызы «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық байқауында «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» номинациясы бойынша жеңімпаздардың бірі болды, сондай-ақ 2010 жылы «Қазақстандағы Жыл таңдауы №1» халықаралық фестивалінде Қазақстандағы үздік әлеуметтік-жауапкершілік жобасы атанды.