«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Батыс Қазақстан облысының тұрғындарын қабылдайды

/ / Жаңалықтар

Батыс Қазақстан облысына қарасты темір жол бекеттерінің тұрғындары «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының бригадасын қарсы алады. 13 қазанда жылжымалы емхана дәрігерлері Шыңғырлау бекетінің науқастарын қабылдауды бастайды, кейін Амангелді бекетіне бет алады. «Саламатты Қазақстан» пойызының жүру кестесіне сай, пойыз осы аймақтағы 7 елді мекенде жұмыс істейді. Шыңғырлау, Амангелді, Алғабас, Жайық, Переметный, Тасқала, Семиглавный Мар бекеттерінің тұрғындары дәрігерлер қызметіне жүгіне алады. Пойыздың жүру бағыты мен жұмыс кестесі туралы толық ақпаратпен www.medpoezd.kz сайтында танысуға болады.

Аталған елді мекендердің тұрғындары медицина пойыздарында қызмет ететін салалық мамандардың тексеруінен өтіп, ауруын анықтай алады және қажетті алғашқы көмекке қол жеткізіп, кәсіби кеңес алады. Дәрігерлерге келгенде жеке куәлікті ала келу керек.

Медициналық пойыздың сегіз вагонында науқастарды толық тексеруге, шағын амбулаториялық ота жасауға, емдеу кабинеттерінің қызметтерін көрсетуге толық жағдай жасалған және олар зертханалар мен диагностика кабинеттерімен жабдықталған. Медицина бригадасының құрамында Қостанай облыстық темір жол ауруханасының келесі мамандықтар бойынша бірінші және жоғары санаттағы дәрігерлері бар, олар: терапевт, педиатр, невропатолог, окулист, ЛОР, гинеколог, хирург, уролог, тіс дәрігері.

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы өз жұмысын 2017 жылы 13 сәуірде Қарағанды облысының Жезқазған бекетінен бастады, жыл соңына дейін пойыз Қазақстанның орталық, солтүстік, батыс және шығыс аймақтарындағы темір жол бекеттеріне барады.

Медицина пойызы дәрегерлер бригадасының бекеттердегі жұмыс кестесі – сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін, түскі үзіліс  сағат 13.00-ден 14.00-ге дейін. Дәрігерлердің демалыссыз жұмыс істейтінін және барлық қызметтердің тегін көрсетілетінін естеріңізге саламыз.

Жобаны жүзеге асырушылар:  «ҚТЖ» ҰК» АҚ әлеуметтік жобалар қоры, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, «Қазпошта» АҚ, Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі аймақтық басқару органдарының қолдауымен.

Жоба жаңалықтары, баратын бағыттары, фото- және видео-материалдар www.medpoezd.kz сайтында.

Қосымша ақпаратты келесі телефондар арқылы алуға болады: 8 (7172) 76 98 56, 76 90 19, +7 701 526 3050, e-mail: media@askredpoint.com

Анықтама:

Мамандандырылған медицина пойыздары – «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ мен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі арасында 2010 жылы 9 наурызда жасалған, медициналық қамсыздандыру мәселелерінде өзара жұмыс істеу туралы меморандум аясында жүзеге асырылған жоба.

«Денсаулық» пойызы «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық байқауында «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» номинациясы бойынша жеңімпаздардың бірі болды, сондай-ақ 2010 жылы «Қазақстандағы Жыл таңдауы №1» халықаралық фестивалінде Қазақстандағы үздік әлеуметтік-жауапкершілік жобасы атанды.