«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Ақтөбе облысындағы жұмысын аяқтады

/ / Жаңалықтар

«Саламатты Қазақстан» медицицналық пойызы Ақтөбе облысындағы жұмысын аяқтады. Пойыз осы өңірдегі жұмысын 17 қыркүйекте Аққұдық бекетінен бастаған болатын. Ақтөбе облысының шалғайда орналасқан 11 темір жол бекеті мен жол айырықтарының тұрғындары жылжымалы медицина бригадасы дәрігерлерінен көмек ала алды, олар: Аққұдық, Кемпірсай, Тоқмансай, Жарды, Қарауылкелді, Темір, Шоқысу, Мұғалжар, Тамды, Бестамақ, Жайсан.

25 күнде 5013 адам, олардың ішінде 1068 бала тиісті тегін тексеруден өтті. Науқастарға қажетті алғашқы көмек көрсетіліп, кәсіби кеңес берілді, тістері емделіп, жақын жердегі медицина орталықтарында ары қарай емделуге жолдама берілді. Маммолог 1063 адамды қараса, Ақтөбе облысының 933 тұрғынына стоматологиялық көмек көрсетілді. Осы аймақтағы жұмыс барысында дәрігер алдына тұрғындардың 15348 рет келгені тіркеліп, 6408 диагностикалық шара жасалды, олардың қатарында ультра-дыбыстық зерттеу, рентгенография, ЭКГ бар.

Медициналық пойыздың 8 вагонында науқастарды толық тексеруге, шағын амбулаториялық оталарды жасауға, емдеу кабинеттерінің қызметтерін көрсетуге толық жағдай жасалған және олар зертханалар мен диагностика кабинеттерімен жабдықталған, сонымен қатар онда персоналдың жайлы жол жүруіне барлық мүмкіндік бар. Медицина бригадасының құрамында Ақтөбе облыстық темір жол ауруханасының келесі мамандықтар бойынша бірінші және жоғары санаттағы дәрігерлері бар, олар: терапевт, педиатр, невропатолог, офтальмолог, ЛОР, гинеколог, кардиолог, хирург, уролог, тіс дәрігері.

«Осы жобаға қатысу біз үшін аса маңызды, біз медициналық пойызбен жыл сайын шалғайдағы ауылдарға барып, сол жерде жерлестерімізге көмек көрсетеміз. Көптеген жан үшін бұл өз денсаулығына көңіл бөлудің жалғыз мүмкіндігі, көп жағдайда жергілікті тұрғындар үшін мал-жанын қалдырып, ұзақ уақытқа қалаға барып дәрігерге тексерілу қиындық тудырады. Тиісті деңгейде жабдықталып, қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілгенінің арқасында науқастарға вагондарымызда қажетті көмек көрсетіп, бірқатар ем-домды жедел жасай аламыз», – деп пойыздың бас дәрігері Гиззат Саматұлы.

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы өз жұмысын 2017 жылы 13 сәуірде Қарағанды облысының Жезқазған бекетінен бастады, жыл соңына дейін пойыз Қазақстанның орталық, солтүстік, батыс және шығыс аймақтарындағы темір жол бекеттеріне барады. Кесте бойынша, пойыз енді Батыс Қазақстан облысына барады.

Медицина пойызы дәрегерлер бригадасының бекеттердегі жұмыс кестесі – сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін, түскі үзіліс  сағат 13.00-ден 14.00-ге дейін. Дәрігерлердің демалыссыз жұмыс істейтінін, барлық қызметтердің тегін көрсетілетінін естеріңізге саламыз.

Жобаны жүзеге асырушылар:  «ҚТЖ» ҰК» АҚ әлеуметтік жобалар қоры, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, «Қазпошта» АҚ, Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі аймақтық басқару органдарының қолдауымен.

Жоба жаңалықтары, баратын бағыттары, фото- және видео-материалдар www.medpoezd.kz сайтында.

Қосымша ақпаратты келесі телефондар арқылы алуға болады: 8 (7172) 76 98 56, 76 90 19, +7 701 526 3050, e-mail: media@askredpoint.com

Анықтама:

Мамандандырылған медицина пойыздары – «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ мен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі арасында 2010 жылы 9 наурызда жасалған, медициналық қамсыздандыру мәселелерінде өзара жұмыс істеу туралы меморандум аясында жүзеге асырылған жоба.

«Денсаулық» пойызы «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық байқауында «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» номинациясы бойынша жеңімпаздардың бірі болды, сондай-ақ 2010 жылы «Қазақстандағы Жыл таңдауы №1» халықаралық фестивалінде Қазақстандағы үздік әлеуметтік-жауапкершілік жобасы атанды.