Павлодар облысында өткен 30 күнде 4021 адам «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы дәрігерлерінің қызметіне жүгінді

/ / Жаңалықтар

10 тамыз 2017 жыл

10 тамызда «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Павлодар облысындағы соңғы жұмыс аялдамасына тоқтады, бұл аймақта ол осы жылғы  12 шілдеден бастап жұмыс істеген.

15 станция мен жол айырық тұрғындары темір жолдың жылжымалы емханасы дәрігерлерінің қабылдауында болды. Науқастардың жалпы саны 4021 адамды құрады, олардың 593-і балалар. 26097 дәрігерлік қабылдау тіркеліп, 8857 диагностикалық іс-шара жасалды, олардың қатарында ультра-дыбыстық зерттеу, рентгенография, ЭКГ, сонымен қатар 59 шағын амбулаториялық ота да бар. Пойыз зертханасында 2000 клиникалық-биохимиялық анализ жасалды. 1991 стоматологиялық көмек көрсетілді.

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы осы аймақтағы өз жұмысын 12 шілдеде Дегелең бекетінен бастады. Павлодар облысында жұмыс істеген уақытында пойыз құрамы келесі бекеттерге барды: Дегелең, Май, Жұмыскер, Көктөбе, Кұркөл, Ақсу-2, Шақат, Красноармейка К, Маралды, Шарбақты, Құрқамыс, Жолқұдық, Спутник, Тасқұдық, Қалқаман, Қарасор, Майқайың, Шідерті, Бозшакөл.

Медициналық құрамның сегіз вагонында науқастарды толық тексеруге, шағын амбулаториялық оталарды жасауға, емдеу кабинеттерінің қызметтерін көрсетуге толық жағдай жасалған және олар зертханалар мен диагностика кабинеттерімен жабдықталған, сонымен қатар онда персоналдың жайлы жол жүруіне барлық мүмкіндік қамтамасыз етілген. Медицина бригадасының құрамында Павлодар облыстық Темір жол ауруханасының келесі мамандықтар бойынша бірінші және жоғары санаттағы дәрігерлері бар, олар: терапевт, педиатр, кардиолог, невропатолог, гинеколог, хирург, стоматолог, УДЗ диагностика дәрігері және шақыртылған дәрігерлер – офтальмолог, рентгенолог, эндоскопия дәрігері. Жазда, жол үстіндегі бекеттерде, медицина пойызының жұмыс уақытында балаларға арнайы алаңдар мен аттракциондар ұймдастырылады.

«Шалғайдағы темір жол бекеттерінің тұрғындарын білікті дәрігерлер қызметімен қамтамасыз ететін бірегей әлеуметтік жоба 4 ай бойы жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында Маңғыстау, Қарағанды, Атырау, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарына қарасты 121 бекет пен жол айырығынан 34 957 адамды қабылдадық. Алда әлі талай жұмыс бар. Бүгінге дейін медицина бригадасында «Апаттар медицинасы темір жол госпиталі» АҚ-ның  бірінші және жоғары санаттағы  100-ден астам дәрігері мен көмекші персоналы (мейірбикелер, бағдарламалаушылар, операторлар) еңбек етті. «ҚТЖ»ҰК» АҚ мен «Қазпошта» АҚ аймақтық бөлімшелерінің және ҚР Ішкі істер мнистрлігі аймақтық басқару органдарының қызметкерлеріне алғыс айтамыз – олар жыл сайын өз жұмыстарын адал орындайды, бұл медицина пойыздарының аймақтарда жұмыс істеуі үшін аса маңызды», – деп «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорының директоры Ербол Кеңгірбаев атап өтті.

«Саламатты Қазақстан» пойызы Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарын аралайды. Пойыз бұл аймақтарға бекітілген кесте бойынша 2017 жылғы 6 қарашаға дейін барады.

Павлодар облысындағы жұмысын аяқтаған соң, «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Ақмола облысына бет алып, 11 тамызда Өлеңті бекектінің тұрғындарын қабылдауды бастайды.

Пойыздағы дәрігерлер кабинетінің жұмыс кестесі – сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін, демалыссыз, түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.00-ге дейін. Дәрігерлердің барлық қызметтері мен кеңестері тегін көрсетіледі.

«Денсаулық» және «Саламатты Қазақстан» пойыздарының жүру кестесімен www.medpoezd.kz. сайтында танысуға болады.

Жобаны жүзеге асырушылар:  «ҚТЖ» ҰК» АҚ Әлеуметтік жобалар қоры, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, «Қазпошта» АҚ, Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі аймақтық басқару органдарының қолдауымен.

Жоба жаңалықтары, баратын бағыттары, фото- және видео-материалдар www.medpoezd.kz сайтында.

Жобаның ресми парақшалары: Facebook – https://www.facebook.com/medpoezd/, Instagram – @medpoezd.kz

Қосымша ақпаратты келесі телефондар арқылы алуға болады: 8 (7172) 76 98 56, 76 90 19, +7 701 526 3050, e-mail: media@askredpoint.com

Анықтама:

Мамандандырылған медицина пойыздары – «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ мен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі арасында 2010 жылы 9 наурызда жасалған, медициналық қамсыздандыру мәселелерінде өзара жұмыс істеу туралы меморандум аясында жүзеге асырылған жоба.

«Денсаулық» пойызы «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық байқауында «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» номинациясы бойынша жеңімпаздардың бірі болды, сондай-ақ 2010 жылы «Қазақстандағы Жыл таңдауы №1» халықаралық фестивалінде Қазақстандағы үздік әлеуметтік-жауапкершілік жобасы атанды.