Қостанай облысын «Саламатты Қазақстан» пойызы аралауды бастады

/ / БАҚ бiз туралы

Денсаулық сақтау министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі және «ҚТЖ» мемлекеттік республикалық кәсіпорны бірігіп ұйымдастырған «Саламатты Қазақстан» әлеуметтік пойызы Қостанай облысын аралауды бастады.

27 тамызда Қостанай теміржол ауруханасы басшылары мен мамандары пойызды Ақмола облысының Есіл стансасынан күтіп алды. Енді ол арнайы жасалған кестеге сәйкес Қостанай облысының 11 стансасына баратын болады. «Пойыз еліміздің Конституция күні қарсаңында келіп отыр. Мұның өзіндік мәні бар деуге болады. Еліміздің әрбір азаматының қолжетімді сапалы медициналық көмек алуға конституциялық құқы бар. Орталықтардан тым шалғайда жатқан ауылдар мен басқа да елді мекендерде тұрғындардың уақытылы медициналық көмек алуы кейбір дәрігер-мамандардың жетімсіздігіне орай қиындап кетеді. «Саламатты қазақстан», «Денсаулық» пойыздарының ұйымдастырылуы халыққа медициналық көмектің сапасын көтеруде өте тиімді шешім болып отыр. Оған біздің аурухана белсенді қатысып келеді» деді «ЖГМК» акционерлік қоғамының филиалы–Қостанай теміржол ауруханасының бас дәрігері Қаратай Жайсаңбаев. Пойыз әр стансада тоқтап, шалғай елді мекендер тұрғындарына медициналық қызмет көрсететін болады. Пойызда гинеколог, невропатолог, кардиолог, хирург, офтальмолог, педиатр, отоларинголог, стоматолог, рентгенолог, эндоскопист, врач УЗИ секілді он бес маман бар. «Біздің аурухана мамандары «Саламатты Қазақстан», «Денсаулық» мамандандырылған пойыздарында жыл сайын қызмет көрсетіп жүр. Тәжірибесі мол, білікті мамандар қызметіне тұрғындар риза. Дәрігерлер демалыссыз жұмыс істейтін болады, олар теміржолшылар мен шалғай ауылдардың тұрғындарын көбірек қамтуды басты мақсаты етіп ұстанып отыр. Медициналық көмектің барлығы ақысыз көрсетіледі. Өзінің денсаулығы үшін алаңдайтын, бірақ облыс орталығындағы емханаларға баруға мүмкіндігі жоқ азаматтар тексерілуіне, дәрігерлерге өзін толғандырған сұрақтарын қоюына болады» дейді Қостанай теміржол ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Мәрзия Есқазина. «Саламатты Қазақстан» пойызы 16 қыркүйек күні Тоғызақ стансасында Қостанай облысындағы жұмысын аяқтайды.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан»