Гепатит және қант диабеті – Алматы облысы тұрғындарының арасында жиі анықталған ауру түрлері

/ / Жаңалықтар

29 сәуір күні Қазақстанда еліміздің  шалғай аудандарын тегін медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында «Медициналық пойыз» жобасы өз жұмысын бастады. Жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры жүзеге асырады.

20 мамыр күні пойыз Алматы облысы бойынша сапарын аяқтап, шалғай орналасқан 21 елді мекеннің тұрғындарына медициналық қызмет көрсетті. Медициналық пойыз дәрігерлеріне барлығы 6904 адам қаралды, 2935 тұрғын тексеруден өтті, 125 жеңіл хирургиялық операция, 104 ФГДС процедурасы мен 795 ультрадыбыстық зерттеу (УЗИ) жүргізіліп, 521 адам флюрографиядан өтті және 2418 лабораториялық зерттеу өткізілді.  

Айта кететін бір жайт, медициналық пойыз көмегіне еліміздің кез-келген тұрғыны жүгіне алады. Балалардың бос уақытын өткізуге ойын алаңдары да қарастырылған. Сондай-ақ, медициналық пойыз мамандары бұрын-соңды  дертке щалдықпаған және денсаулығына байланысты ешқандай шағымдары болмаған тұрғындарды да диагностикадан өткізе алады. Көбінесе бұндай диагностикалар ауыр сырқат түрлерін анықтауға себеп болып жатады. Медициналық пойыз дәрігерлері шалғай аудандардың тұрғындарына өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, дер кезінде тексерістен өту керектігін және кез-келген аурудың алғашқы белгілеріне мән беру керектігін жиі ескертеді.

Кейбір аймақ тұрғындары үшін медициналық пойыз диагностикадан өтудің және емделудің бірден бір құралына айналды. Егенсу бекетінің тұрғыны  Чатырбаева Замзагүл Жұмабекқызы өзі тұратын аймақ өмірі үшін пойыздың қандай рөл атқаратыны туралы айтып берді: «Мен өзім 2014 жылдан бері жыл сайын «Денсаулық» медициналық пойызында тексеріліп, мамандарына қаралып тұрамын. Медициналық пойыз біз үшін үлкен қызмет атқарып жатыр. Жергілікті тұрғындар өте риза және алғыстары шексіз. Мұнда медицина мамандарының барлық қызметі тегін және бізге қалаға барып, ақылы тексерістен өтудің қажеті жоқ. Біздің ауылда тіпті дәріхана да жоқ.  Дәрігерге көріну үшін бізге көрші ауылға баруға тура келеді. Біз жылда осы пойызды тағатсыздана күтеміз» – деп өз ойымен бөлісті Замзагүл.

Әрі қарай медициналық пойыз Шығыс Қазақстан облысына жол тартты. Ол 6 маусымға дейін  облыстың 16 бекетін аралайтын болады. Кейін Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарына аттанады. Солтүстік және Орталық Қазақстан облыстарының тұрғындарын медициналық тексерістен өткізіп болған соң, пойыз батыс және оңтүстік аймақтарға беттейді, және өз сапарын 21 желтоқсанда Алматы қаласында аяқтайды.

«Медициналық пойыз» жобасы өз жұмысын жалғастыруда. Медициналық бригада 21 бекетті аралай отырып Алматы облысының шалғайдағы аудан тұрғындарын тексерістен өткізді. Дәрігерлердің хабарлауы бойынша тұрғындар көп қаралған мамандар ол: кардиолог – 1135 адам көрінген, офтальмолог 1233 адамды қабылдаған, терапевт көмегіне 851 адам жүгінген. Ауру түрлерінің ішінде бірінші орында – жүрек-қантамыр аурулары, әрі қарай артериялық гипертензия, А гепатиті, В гепатиті, онкологиялық аурулар және балалар арасындағы қант диабеті. Сондай-ақ, коронарлық синдроммен үш пациент анықталған. Олар бұған дейін бұл сырқат туралы еш күдіктенбеген»,- деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік коммуникациялар департаментінің директоры, ресми өкілі Іргебаев Мирас.

Естеріңізге салсақ, пойыз сапалы медициналық қызмет алуға мүмкіндігі жоқ шалғайдағы бекеттер мен ауыл тұрғындары үшін алғашқы медициналық-санитарлық және консультациялық-диагностикалық көмек көрсетеді. Жоба еліміздің шалғай елді мекендерінде тұратын барлық тұрғындарды тегін медициналық  көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Пойыз неміс және жапон өндірісінің алдыңғы қатарлы фирмаларының заманауи диагностикалық құрал-жабдықтарымен жабдықталған. Аппаратуралар пациенттерге қажет болған жағдайда толық жалпы және биохимиялық талдаулар жасауға, ренгенография және флюрографиядан өткізуге, ішкі органдарға және қан тамырларына УДЗ-зерттеулер жүргізуге, электрокардиограмма, гастрофиброскопия жасауға және басқа да диагностикалық зерттеулер жүргізуге жол ашады.

«Медициналық пойыз» жобасы «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қорымен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.

Пойыз кестесімен www.medpoezd.kz және www.sk-trust.kz/ru ресми сайттарында таныса аласыз. Қосымша ақпарат алу үшін келесі байланыс нөміріне хабарласуға болады: +7 701 222 39 90, E-mail: prmedpoezd@gmail.com