Денсаулық пойызы жолға шықты

/ / БАҚ бiз туралы

Еліміздің алыс-жақын аудандарын түгел аралайтын медициналық пойыз жолға шықты. Тегін медициналық көмек көрсетуді Алматы қаласынан бастаған жұмыс тобы жыл аяғына дейін барлық аймақты қамтып шығуға тиіс.

Әлі күнге Қазақстанның кейбір елді мекендерінің тұрғындары уақытылы сапалы әрі тегін медициналық көмекке қол жеткізе алмай келеді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ көмегімен «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, Денсаулық сақтау министрлігі және «Қазақстан темір жолы» жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» бірлесіп «Медициналық пойыздар» жобасын жүзеге асырып келеді. 2010 жылдан бері жалғасып келе жатқан жобаға «Денсаулық» және «Саламатты Қазақстан» сынды екі Денсаулық пойызы тартылған.

Пойыз тұрғындарға сапалы әрі жедел диагностика жасауға мүмкіндік беретін заманауи медициналық құралдармен жабдықталған. Дәрігерлер жалпы және биохимиялық анализдер, рентгенография мен флюрографияны, ішкі ағзалар мен тамырларды УДЗ-зерттеулерін, электрокардиограмманы, гастрофиброскопияны және диагностикалық зерттеулердің басқа да түрлерін жасайды. Жұмыс тобының құрамында офтальмолог, отоларинголог, невропатолог, хирург, акушер-гинеколог, кардиолог, стоматолог, жалпы тәжірибе дәрігері, кеуде маманы, педиатр және т.б. сияқты бейінді мамандардың барлығы бар. Олар диагностикалық емшарадан бөлек шағын хирургиялық операциялар да жасайды.

– Денсаулық сақтау министрлігі шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарына медициналық көмек көрсету үшін жылжымалы медициналық кешендермен және медициналық пойыздармен қамтамасыз етіп келеді. Былтыр мамандарымыз 127 елді мекенді аралап, 40 мыңға жуық адамға көмек көрсеткен болатын. Емделушілердің арасынан қан айналымы жүйесі, онкологиялық және басқа да созылмалы аурулар ерте кезеңдерде анықталды. Биыл мамандар құрамына С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің профессорлары қосылып отыр, – деді Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Асқар Хорошаш.


Ұйымдастырушылар биыл 60 мыңға жуық адамға медициналық көмек көрсетуді жоспарлап отыр. Пойыздың жүретін жолының кестесі medpoezd.kz және sk-trust.kz сайттарына жарияланған.


– Биыл біз баратын облыстардың санын көбейттік. Пойыз 14 облысты аралау үшін 21 желтоқсанға дейін жолда болады. Кесте бойынша бірінші Алматы облысының тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсетіледі. Осы өңірден соң пойыз Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарына бағыт алады. Одан әрі «Денсаулық» пойызының батыс өңірлерге алған бағыты оңтүстікке жалғасады да, Жамбыл облысында өз бағдарын аяқтайды. Жалпы алғанда пойыз 195 бекетке тоқтап, 19 мың шақырымды жүріп өтуге тиіс, – дейді «Samruk-Kazyna Trust» Қорының Бас директоры.

egemen.kz