«Денсаулық» пойызы 60 мыңға жуық адамға қызмет көрсетпек

/ / БАҚ бiз туралы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін «Денсаулық» медициналық пойызы жобасы өз жұмысын бастады. Пойыз Қазақстанның шалғай бекеттерінің тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі күні Қазақстанның шалғай аудандарының тұрғындары сапалы, уақытылы және тегін медициналық көмекке әлі де толығымен қол жеткізген жоқ. Осы тұрғыда «Денсаулық» жобасы тұрғындарға сапалы және жедел диагностика жасауға мүмкіндік беретін заманауи құралдармен жабдықталған медициналық қызметті ұсынады. Жоба аясында әрбір адам медициналық көмек ала алады. Пойыз бүгін Алматы қаласынан бастау алып, осы жылдың 21 желтоқсанына дейін жүретін болады. Биылғы жылы біз баратын облыстардың санын арттырдық, пойыз Қазақстанның барлық өңірлері бойынша 195 бекетті аралап шығады», – деді «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының бас директоры Дияс Әзбергенов баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бастауын Алматы облысынан алған медициналық пойыз одан әрі Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарына бағыт алады. Сол сияқты Орталық Қазақстан бекеттерінің тұрғындарына қызмет көрсете отырып, пойыз батыс өңірлерге алған бағыты оңтүстікке жалғасады да, Жамбыл облысында өз бағдарын аяқтайды.

«Жалпы жол жүріп өту қашықтығы 19 мыңнан астам шақырымды құрайды және пойыз кестесі medpoezd.kz және sk-trust.kz сайттарында қолжетімді.

Медициналық бригадалардың құрамында қажетті мамандардың бәрі бар, оның ішінде терапевт, тіс дәрігері, окулист, маммолог және басқа. Жалпы жоба барысында 10 медициналық бригада кезекпен жұмыс істейді», – дейді ол.

Қор дерегіне сүйенсек, өткен жылы медициналық пойыз Қазақстан бойынша 124 бекетті аралап, 42 мыңнан астам (42 306) адамға қызмет көрсетті.

www.inform.kz