
Мемлекеттің басты байлығы – адамның денсаулығын нығайту, әрбір қазақстандықтың қолжетімді дәрігерлік қызметпен қамтылуын қамтамасыз ету екені белгілі. Осы мақсатта сапарға шыққан «Денсаулық» поезды Тұрыш және Сам станцияларында болып, 23 -сәуірде Бейнеу кентіне жетті.
Поезд Бейнеуде 3 күн аялдайды. Құрамы 18 маманмен жарақталған дәрігерлер бригадасы алдымен тұрғындарды тіркеуден өткізіп, кейін денсаулығын тексереді. Дәрігерлік құрамда: терапевт, педиатр, невропатолог, окулист, ЛОР, гинеколог, хирург, маммолог, тіс дәрігерлері болса, поезд клиникалық-диагностикалық, рентген және басқа да керекті құрал-жабдықтармен қамтылған. Емделушінің денсаулығы туралы жиналған мәліметтердің барлығы орталық серверге түседі, сол себепті, нақты санақ жүргізіледі.
Тұрыш, Сам станцияларында 259 тұрғын дәрігерлерге қаралған. Темір-жол бойындағы шағын ауылдарда тұратын тұрғындар үшін «жүрмелі» медициналық «Денсаулық» поездының көмегі көп.