«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Байқоңыр қаласының тұрғындарын қабылдайды
18 сәуір 2017 жыл,  Байқоңыр қаласы.

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы 2017 жылы 11 сәуірде қозғалыс кестесі бойынша өз жұмысын бастады. Дәрігерлер бригадасы ең бірінші Қарағанды облысы тұрғындарын қабылдады.

18 сәуір күні «Саламатты Қазақстан» пойызы Байқоңыр бекетіне келіп тоқтайды. Дәрігерлер 19 сәуірде сағат таңғы 9-00 бастап, екі күн бойы, қала тұрғындарын қабылдайды. Бұдан соң, пойыз Қарағанды облысының Ұлытау ауданы Қоскөл бекетінде тоқталады.

Медициналық пойыздың жұмыс кестесі – сағат 9-00 бастап 18-00-ге дейін. Түскі үзіліс  сағат 13-00 бастап 14-00-ге дейін.

Қала тұрғындары сырқатын анықтау үшін тексеруден өтіп, алғашқы қажетті көмек, кәсіби кеңес және жақын жердегі медицина орталықтарында ары қарай емделуге жолдама алады.

Медициналық пойыз құрамында тексерудің толық циклын, амбулаториялық операцияларды, процедуралық кабинет қызметтерін өткізуге барлық жағдай жасалған, зертханалар мен диагностика кабинеттерінен тұратын 8 вагон бар. Дәрігерлер бригадасының құрамында терапевт, педиатр, невропатолог, окулист, ЛОР, гинеколог, хирург, уролог, маммолог, стоматолог сияқты негізгі бағыт мамандары құралған. Олардың барлығы бірінші және жоғары біліктілік санатындағы дәрігерлер болып табылады.

Халыққа арналған медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділік деңгейін көтеру – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі. Мамандандырылған медициналық пойыздар бірнеше жылдан бері алыс аудандар тұрғындарының өз денсаулығын нығайтуына жәрдем беріп келеді және осы мәселені сәтті шешуде. 2010 жылдан бері медицина пойыздарының мамандары 1052 бекет тұрғынын, яғни 300 мыңнан астам адамды тексеруден өткізді, бұлардың үштен бірі – балалар. Көптеген науқастар ұзақ жылдар бойы қаралмай жүріп, көлік медицинасын дамытудың арқасында дәрігерлердің назарына түсті. Айта кетерлік маңызды жайт, дәрігерлер көптеген өткір, әрі созылмалы ауруларды, онкологиялық ауруларды және туберкулезді бастапқы сатысында анықтады.

«Саламатты Қазақстан» пойызы Қарағанды қаласынан шығып орталық, солтүстік және шығыс  өңірлерінің қала мен ауыл аймақтарына 11 сәуірден 6-шы қарашаға дейін барып қайтады. Келесі аптаның қозғалыс кестесі: Қарағанды облысының темір жол бекеттері - Қоскөл (21.04), Теректі (22.04), Түйемонақ (23.04).

Жобаның жүзеге асырылуы:  «ҚТЖ» ҰК» АҚ әлеуметтік жобалар қоры, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, «Қазпошта» АҚ, Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі аймақтық басқару органдарының қолдауымен.

Жоба жаңалықтары, баратын бағыттары, фото- және видео-материалдар www.medpoezd.kz сайтында.

Қосымша ақпаратты келесі телефондар арқылы алуға болады: 8 (7172) 76 98 56, 76 90 19, +7 701 526 30 50, e-mail: media@askredpoint.com

Анықтама:

Мамандандырылған медицина пойыздары – «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ мен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі арасында 2010 жылы 9 наурызда жасалған, медициналық қамсыздандыру мәселелерінде өзара жұмыс істеу туралы меморандум аясында жүзеге асырылған жоба.

«Денсаулық» пойызы «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық байқауында «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» номинациясы бойынша жеңімпаздардың бірі болды, сондай-ақ 2010 жылы «Қазақстандағы Жыл таңдауы №1» халықаралық фестивалінде Қазақстандағы үздік әлеуметтік-жауапкершілік жобасы атанды.

Жоғары